Voice Beyond Horizon аяқталды! Достар, кеше менің кәсіби шығармашылығымдағы ең маңызды жобалардың бірі – Voice Beyond Horizon атты халықаралық музыкалық реалити-шоудың түсірілімі мәресіне жетті. Бұл жоба Қытайдың Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл мен үшін ерекше әрі символдық сәт. Себебі тура он жыл бұрын дәл осы Hunan TV арнасындағы «Singer» жобасы менің халықаралық сахнадағы жолымды ашқан еді. Енді міне, жаңа жобаның атқарушы продюсері әрі идея авторы болу құрметіне ие болдым. 22 күн ішінде Voice Beyond Horizon тобы Қазақстанды мыңдаған шақырыммен аралап өтті. Біз көне Түркістанды, Маңғыстау мен Каспийдің ұлылығын, Алматының шуақты келбетін, Астананың заманауи тынысын көрсеттік. Бұл бейнелер үлкен музыкалық сапардың бөлігіне айналды. Онда Қазақстанның мәдениеті мен табиғаты музыка арқылы әр елден келген орындаушыларды біріктірді. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына, Астана, Алматы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Түркістан облысы және Маңғыстау облысы әкімдіктеріне, сондай-ақ, отандық компаниялар – Qarmet, Қазақмыс, АлтынАлмас және Нұрлан Смағұлов қорының жобаны жүзеге асыруға қосқан зор үлестері үшін алғысымды білдіремін. Халықаралық түсірілім тобына, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген өнерпаздарға және осы жобаға жүрек жылуын арнаған әр жанға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Voice Beyond Horizon шындыққа айналды. Бұл жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа парағы. Осы жоба арқылы еліміздің сұлулығын бүкіл әлемге көрсету мүмкіндігәне ие болдық. Дәл осы істі бірлесіп жасағанымыз үшін ерекше қуаныштымын. Алда сіздер бұл шоуды Hunan TV арнасынан, Mango TV платформасынан және «Qazaqstan» телеарнасынан тамашалай аласыздар. Әрдайым менің жанымнан табылғандарыңызға алғысым шексіз!
09.30 21:05
